Billie Jean King Cup: Қазақстан мен Канада тең тарқасты
Бүгін Астанада Beeline Arena спорт кешенінде Қазақстан мен Канада құрамалары арасында шешуші матч өтеді.
ktf.kz
Астанада Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңі басталып, Қазақстан мен Канада құрамалары арасындағы бәсеке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алғашқы ойын күні қос команда бір-бір жеңістен бөлісіп, сериядағы есеп 1:1-ге теңесті.
Алғашқы матчта Қазақстан құрамасының көшбасшысы Юлия Путинцева канадалық Кайла Кросспен кортқа шықты. Кездесу 6:3, 7:5 есебімен отандасымыздың пайдасына аяқталды. Бірінші сетте Путинцева ойын тізгінін толық өз қолына алып, брейктің арқасында қарсыласына мүмкіндік бермеді. Ал екінші партия тартысқа толы өтті. Теннисшілер кезек-кезек брейк жасап, жанкүйерлерге қызықты ойын сыйлады. Дегенмен, шешуші сәттерде Юлияның тәжірибесі басым түсіп, матчты жеңіспен қорытындылады.
Екінші кездесуде 19 жастағы қазақстандық Соня Жиенбаева канадалық Бьянка Андреескумен бақ сынасты. Тартысты өткен ойында Жиенбаева 4:6, 6:7 (4:7) есебімен жеңіліп, Канада құрамасына есепті теңестіруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Андрееску азулы қарсылас, US Open турнирінің бұрынғы чемпионы.
Осылайша, алғашқы жарыс күнінен кейін Қазақстан - Канада сериясындағы есеп 1:1 болды. Ереже бойынша, бес матчтың үшеуінде жеңіске жеткен команда іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанып, турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алады. Сонымен қатар, бұл кездесу аясында жанкүйерлер үшін ерекше сәттер де болды. Матчқа құрметті қонақтар ретінде танымал қазақстандық спортшылар қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов пен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров келді.
Шешуші ойындар бүгін, 11 сәуірде өтеді. Жанкүйерлер Анна Данилина/Жібек Құламбаева - Ариана Арсено/Александра Ваграмов және Юлия Путинцева - Бьянка Андрееску матчтарын тамашалайды.
Сондай-ақ бүгін, сағат 12:30-да қазақстандық теннисші Зарина Диястың мансабын аяқтау рәсімі өтеді. Бұл күн тек шешуші матчтарымен ғана емес, отандық теннис үшін маңызды оқиғамен де есте қалмақ.