Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады
Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы оқу-жаттығу жиынының алғашқы кезеңін Астана қаласында өткізуде.
Қазақстан хоккей федерациясы
Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына дайындық жұмыстары 17 сәуірге дейін жалғасады. 18 сәуірде кеңейтілген құрам Минск қаласына аттанып, әлем чемпионатына дайындықтың келесі кезеңін өткізеді. Минскіде командамыз жергілікті клубтармен жолдастық кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал, 26 сәуірде құрамамыз Польша еліне барып, қорытынды оқу-жаттығу кезеңін өткізеді.
Айта кетейік, 2026 жылғы хоккейден әлем чемпионатының IА дивизионы 2-8 мамыр аралығында Сосновец қаласында өтеді. Аталған турнирде алты құрама - Қазақстан, Франция, Польша, Жапония, Литва және Украина элиталық дивизионға жолдама үшін бақ сынайды.
Турнир 2 мамыр күні Жапония мен Франция құрамалары арасындағы матчпен басталады. Сол күні Қазақстан құрамасы Литваға қарсы алғашқы ойынын өткізеді. Ал, айдын иелері Польша Украинамен кездеседі.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы турнир аясында 3-мамырда Жапониямен, 5-мамырда Польша құрамасымен, 7-мамырда Украинамен және 8-мамырда Франциямен ойнайды.
Бұл дода Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды. Себебі үздік екі команда элиталық дивизионға жолдама алады.