Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының финалына жолдама алды
Қазақстан құрамасы Канаданы 3:1 есебімен жеңді.
Қазақстан теннис федерациясы
Бүгін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне ресми түрде жолдама иеленді. Канадаға қарсы өткен кездесуде шешуші ұпайды Юлия Путинцева алып берді. Ол Бьянка Андреескуды 7:6 (7:5), 3:6, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.
Кездесу 3 сағат 39 минутқа созылып, қос теннисшінің мансабындағы ең ұзақ матч ретінде тіркелді. Тартысты ойын барысында Путинцева жоғары төзімділік пен тактикалық сауаттылық танытып, шешуші сәттерде басымдыққа ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Канадаға қарсы алғашқы матчта Юлия Путинцева Кайла Кроссты 6:3, 7:5 есебімен жеңген болатын. Ал, екінші матчта жұптық кездесуде Анна Данилина мен Жібек Құламбаева Бьянка Андрееску және Кайла Кросс жұбын 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, ұлттық құрамамыз 2026 жылдың күзінде Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде өнер көрсетеді. Жарысқа іріктеуден сүрінбей өткен 8 команда қатысады.