Дастан Сәтпаевтың голы “Қайратты” жеңілістен құтқарды
“Қайрат” көшбасшылықты сақтап қалды.
Arena
Қазақстан Премьер-лигасының бесінші турында “Тобыл” мен “Қайрат” 1:1 есебімен тең түсті. Қостанайдағы кездесуде алаң иелері 12-минутта Урош Миловановичтің голынан кейін алға шықты. Алайда 18-минутта Дастан Сәтпаев таразы басын теңестіріп, матчтың тағдырын шешті.
Осы нәтижеден кейін “Қайрат” 11 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастады. Ал “Тобыл” екі ұпаймен соңғы орыннан көтерілді.
Турдың тағы бір ойынында “Астана” мен “Ордабасы» 1:1 есебімен тең тарқасты. Қонақтар сапынан 77-минутта 19 жастағы Жасұлан Әмір есеп ашса, елордалық клуб қосымша уақытта Ян Вороговскийдің голы арқылы жеңілістен құтылды. Нәтижесінде “Ордабасы” 9 ұпаймен үшінші орынға көтерілсе, “Астана” 8 ұпаймен бесінші сатыда тұр.
Ал “Атырау” бүгін өз алаңында “Қайсар” командасын 2:0 есебімен жеңді. Голдарды Егор Хвалько (72-минут) мен Қуаныш Қалмұратов (90+4) соқты.
Келесі турда “Қайрат” өз алаңында "Каспий" клубын қабылдайды, ал “Тобыл” “Ұлытау” командасымен кездеседі. “Атырау” сырт алаңда “Қызылжармен” ойнаса, “Қайсар” “Алтай” ұжымын қабылдайды.