Лондондық «Арсенал» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты
Голсыз өткен шайқаста «Арсенал» мақсатына жетті.
globallookpress.com
«Арсенал» Чемпиондар лигасының ширек финалындағы қарымта кездесуде португалиялық «Спортингпен» 0:0 есебімен тең ойнады.
Кездесудің алғашқы таймында алаң иелері ойын тізгінін толық өз қолына алды. «Арсенал» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есеп ашуға жақын болды. Әсіресе, Эберечи Эзе дәл пас беріп, Мартин Субименди айып алаңына енген сәтте мүмкіндік туған еді. Алайда оның пасын қорғаушылар тосып, ал Виктор Дьекереш шешуші соққы жасай алмады. Оған Гонсалу Инасиу кедергі келтірді.
Дегенмен, бірінші таймдағы ең қауіпті сәтті «Спортинг» ұйымдастырды. 43-минутта қарсы шабуыл кезінде Максимилиано Араухо айып алаңына дәл пас асырды. Ал Жени Катаму допты қақпаға бағыттап, бағана түбіне тигізді.
Екінші таймда да ойын тартысты өтті. Араухо тағы бір қауіпті сәт ұйымдастырып, алыстан соққы жасап көрді. Бірақ, дәлдік жетіспеді. «Арсенал» да шабуылдарын үдетіп, Габриэл Мартинелли мен Нони Мадуэке бірнеше мәрте қақпаға қауіп төндірді.
Матч соңында алаң иелері жеңіс голына өте жақын болды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Леандро Троссар бұрыштамадан асырылған допты баспен бағыттағанымен, доп бағанаға тиіп, қақпаға енбей қалды - 0:0.
Осылайша, голсыз тең ойын «Арсеналға» жеткілікті болды. Лондондық клуб 1:0 есебімен алғашқы матчта жеңіске жеткендіктен, сенімді түрде Чемпиондар лигасының жартылай финалына өтті.